Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайлықтар криминалистер жұмысымен танысты

Қостанайлықтар криминалистер жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Криминалистер қалай жұмыс істейді, қызметтік иттер неге қабілетті және қаладағы бейнебақылау камераларының артында кімдер отыр — осының бәрін Қостанай облысы полиция департаментінде өткен ашық есік күніне қатысушылар өз көздерімен көріп, танысты. Іс-шара балаларды, ата-аналарды, студенттерді және полиция қызметіне қызығушылық танытқан қала тұрғындарын біріктірді. Келушілер полицейлік қызметтің ішкі жұмысына үңіліп, өз сұрақтарын қойып, қауіпсіздік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көзбен көре алды.

— Біздің мақсатымыз — полицияның қоғамға ашық екенін көрсету. Біз халыққа қызмет етеміз және диалогқа дайынбыз. Бәлкім, бүгінгі қонақтардың бірі — болашақта ішкі істер органдарының қызметкері болар, — деді департамент бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев.

Қонақтарға криминалистикалық зертхана қалай жұмыс істейтіні, кинологтардың иттермен бірге тыйым салынған заттарды қалай іздейтіні, арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлерінің шартты құқық бұзушыларды қалай ұстау жаттығулары, патрульдік автокөліктердің ішкі құрылымы мен жабдықталуы көрсетілді. 

Ерекше әсер қалдырған көріністердің бірі – оқиға орнында қолданылатын арнайы техниканың көрсетілімі болды. Сонымен қатар Жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Бұл — бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылап отыратын қалалық қауіпсіздіктің "миы" іспетті орын.

- Іс-шараның ең белсенді көрермендері — "Балалық шақ академиясы" балабақшасының тәрбиеленушілері болды. Балдырғандар көздері жарқырап, көргендерін қызыға бақылап, әсерлерімен бөлісті. Бұл жай ғана экскурсия емес, бұл — нағыз мереке және қауіпсіздік сабағы, — деп атап өтті орталық басшысы Наталья Белого.

Келушілер соңында полиция департаментінің мұражайына барып, қызмет тарихымен, түрлі жылдардағы формалармен және Қостанай полицейлерінің ерлік істерімен танысты. Ашық есік күні — бұл полиция жұмысын шынайы түрде көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге қоғаммен байланыс орнатуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай кездесулер сенім қалыптастырып, мамандыққа құрмет оятады, әрі: полиция — халықпен бірге, және әрдайым тәртіп күзетінде екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру