Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайлықтар Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған концертті тамашалады

Қостанайда Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған жүрек тебірентерлік концерт өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жексенбіде Қостанай қаласының Сити-орталығында ерекше мазмұнға толы, жан тебірентерлік патриоттық концерт өтті. Шараны Қостанай облысы полиция департаменті ІІМ Қостанай академиясының тыңдаушыларымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Ашық аспан астында өткен мерекелік концерт барысында полиция қызметкерлері соғыс жылдарының аңызға айналған әндерін орындап, көрермендерге шынайы эмоциялар мен естеліктер сыйлады. Жиналған қауым, әсіресе аға буын, әндермен бірге шырқап, өткен күндердің елесін көз алдында қайта тірілткендей әсер алды.

– Бұл мереке арқылы біз ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтап, адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлағымыз келді. "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" деген ұстаным әрқашан жадымызда, – деді полиция департаментінің вокалдық тобының әншісі Гүлзана Камзина.

Концерттік бағдарламаға қоса, полиция техникасы мен криминалист мамандардың құрал-жабдықтары қойылған арнайы көрме де ұйымдастырылды. Жасөспірімдер үшін бұл үлкен қызығушылық тудырып, олар құқық қорғау саласындағы мамандықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Көрменің шарықтау шегі – соғыс жылдарындағы қалпына келтірілген УАЗ автокөлігі болды. Оның жанында ересектер де, балалар да естелік суретке түсіп, ерекше әсер алды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері мерекеге келген қостанайлықтарға Жеңістің нышаны ретінде қалампыр гүлдерін тарту етті. Бұл – өткенге тағзымның, болашаққа сенімнің көрінісі іспетті.

Мереке – тек концерт емес, ол ұрпақтар сабақтастығын, бейбіт өмірдің қадірін және тарихи жадымызды сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ұғындырған тағылымды шараға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру