Қозғалыстың жас инспекторлары халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Жол қауіпсіздігі – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 3,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған. Бұл 165 баланың қазасына әкеп соқты.
Апаттардың алдын алуды маңызды. Бұл ретте қозалыстың жас инспекторлары үлкен рөл атқарады.
Бүгінде елімізде қозғалыстың жас инспекторларының 5 мыңға жуық отряды бар. Олар жалпы білім беретін мектептердің 62%-ын қамтиды. 50 мыңға жуық оқушы қатарластарының арасында жол жүрісі қағидаларын сақтауды насихаттап, жолдарда балалардың жарақаттануын болдырмауға үлес қосып келеді.
Олар халықаралық аренада ел намысын қорғап, үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Жас инспекторлар Қырғызстанда өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды. Шараға алты елден алты команда қатысты.
Айта кетейік, биыл көктемде қазақстандық оқушылар Беларусь Республикасында өткен халықаралық слетте де бірінші орынға ие болып, өз білімдерінің жоғары деңгейде екенін дәлелдеген болатын.