Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға арналған шағын футбол жарысы өтті

Аралда пробация есебіндегі азаматтарға арналған шағын футбол жарысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Арал ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ерекше спорттық шара ұйымдастырылды. “Жас Арал” қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткізілген шағын футбол жарысы аудан орталығында өтті.

Жарысқа үш команда қатысып, өзара бәсекеге түсіп, мықтыны анықтауға тырысты. Қатысушылардың белсенділігі, спортқа деген қызығушылығы мен командалық рухы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр матч достық пен қолдауға, өзара түсіністікке негізделді.

Шараның ашылуында аудан прокурорының орынбасары Руслан Нұрлыбаев пен аудандық пробация қызметінің өкілдері қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды. Олар мұндай іс-шаралар пробация есебіндегі азаматтардың қоғаммен араласуына, өз орнын табуына және оң көзқарас қалыптастыруына сеп болатынын атап өтті.

Жарыс қорытындысында жеңімпаз және жүлдегер командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Спорттық бәсеке арқылы қолдау мен ынталандыру көрсеткен бұл шара – қоғамнан оқшаулауға емес, қайта бейімдеуге негізделген оң қадам.

Ұйымдастырушылар осындай әлеуметтік маңызы бар шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру