«ҚР азаматтығын алып беремін»: Сарыағашта танысын алдап соққан азамат құрықталды
Түркістан облысында «Қазақстан азаматтығын алып беремін» деп алаяқтық жасаған күдікті ер адам қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, Өзбекстан елінен Қазақстан жеріне көшіп келген кезде өзінің танысы «Қазақстан азаматтығын алып беремін» деп уәде беріп, алаяқтық жолмен 300 мың теңгесін жымқырған.
Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті ер адам шет елден қоныс аударған жәбірленушіге төлқұжатын заңдастырып беремін деп алдап соғып, ақшасын өз бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.