ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында криминалистика бойынша дәріс өтті
ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында тыңдаушыларға криминалистика саласы бойынша дәріс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында болып, тыңдаушылармен кездесу өткізді. Шараға Жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалисі Қ.Паиз, аға криминалист Т.Арипов, криминалистер Т.Аманжолов пен А.Қоқымбаев қатысты. Олар еліміздің барлық өңірлерінен келген, арнайы бастапқы оқу курсынан өтіп жатқан тыңдаушыларға дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесудің негізгі мақсаты — сотқа дейінгі тергеп-тексеруді криминалистикалық қамтамасыз ету, нақты тергеу жағдайларын талдау және қылмыстарды ашу бағытында тыңдаушылардың білім, білік және дағдыларын қалыптастыру болды. Қызметкерлер, сонымен қатар, «Заманауи криминалистика» және «Криминалистикалық техникалар мен автоматтандырылған жүйелер» тақырыптарындағы теориялық және тәжірибелік білімдерімен бөлісіп, тыңдаушыларға кәсіби бағдар берді.
Ішкі істер органдарына тағайындалған тыңдаушы қызметкерлер криминалист мамандарға алғыстарын білдіріп, криминалистика саласына деген қызығушылықтарының арта түскенін атап өтті. Олар алған білім мен дағдыларын болашақта атқаратын қызметтерінде тәжірибе жүзінде қолдануды жоспарлап отыр.