ҚР ІІМ өкілдерінің Қызылорда облысындағы жұмыс сапары жалғасуда
Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы және ІІМ кадр саясаты департаменті бастығы орынбасарының Қызылорда облысына жұмыс сапары жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмыс сапарының екінші күні ІІМ өкілдері ардагерлермен кездесті. Кездесу тәртіп сақшылары мен ардагерлер ұйымдарының өзара әрекеттесуі, зейнеткерлікке шыққан ардагерлер мен олардың отбасы мүшелерін қолдау, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің кәсіби-адамгершілік тәрбиесін арттыру мақсатында өткізілді.
Қызылордалық ардагерлер өз кезегінде зейнетақымен қамтуға, ІІМ зейнеткерлерін шипажай, курорттарға емдеуге жіберуге, жеңілдіктер мен әлеуметтік өзгерістерге қатысты өзекті сауалдарын қойды.
Жалпы, бүгінгі таңда ардагерлер жеке құрам арасында қызметтік тәртіп пен заңдылықты және ұжымда моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға оң әсер ететін жұмыстармен қатар, полицейлердің бойында Отанға адал қызмет ету, жас буынның патриоттық сезімдерін, жоғары кәсіби, рухани-адамгершілік, моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараны атқарып келеді. Бүгінде олардың ең белсенділері Тәлімгерлер кеңесіне қосылып, жас сақшыларды дайындауға үлес қосып келеді.
Бұдан бөлек, ІІМ өкілдері Жалағаш және Сырдария аудандарына жол тартып, полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Жұмыс барысымен танысты.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Ө.Болсамбеков аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамына қызметтің маңыздылығы туралы айтып, ізгі тілектерін жолдады. Қызмет бабы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Қызметкерлердің өзін-өзі ұстауы, қызметке адалдығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды өзекті тақырыптар қозғалды. Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің қылмысқа қарсы күрес бойынша берілген тапсырмалары да кеңінен түсіндірілді.
Жиын соңында аудандық полиция бөлімдерінің басшылығы мен жеке құрамы ІІМ өкілдеріне алғыстарын білдіріп, ардагерлеріміздің ақыл-кеңестері мен ой-пікірлерінің маңыздылығын атап өтті.