ҚР ІІМ Қарағанды академиясында полицейлер ерлік сабағын өткізді
ҚР ІІМ Қарағанды академиясында полицейлер ерлік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының полиция департаменті "Заң мен тәртіп" идеологиялық тұжырымдамасы аясында болашақ тәртіп сақшыларын отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелеуге айрықша мән беріп келеді.

Сол бағыттағы игі бастамалардың бірі – ерлік сабақтары мен жас мамандармен жүздесу дәстүрі. Осындай тағылымы мол кездесулердің бірі Б. Бейсенов атындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясында өтті.
Бұл күні курсанттар Қарағанды өңірінің мақтанышына айналған полицейлер – Ерасыл Мұрат, Бекзат Омашев және Медет Аскаровпен кездесті. Олармен болған ашық сұхбат жас буынға нағыз ерліктің мәнін ұғындырған әсерлі сабаққа айналды.

Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашев – Қарағанды қалалық патрульдік полиция полкінің батыл қызметкерлері. Олардың ерлігі – адам өмірін сақтап қалудағы кәсіби шеберлік пен табандылықтың айқын үлгісі. Өз өмірлерін қатерге тігіп, тоғызыншы қабаттан секірмек болған қызды сабырға шақырып, ажал тырнағынан арашалап қалды. Сол сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең таралып, олардың ерлігі мыңдаған адамның жүрегіне үміт пен сенім ұялатты. Бүгінде бұл офицерлер – ерлік пен кәсібиліктің символына айналған тұлғалар.

Ал Бұхар жырау ауданының патрульдік полиция инспекторы Медет Аскаров – өз ісіне адалдық пен батылдықтың бейнесі. Оның арқасында тоғыз адамның өмірі ажалдан аман қалды. Халық оны құрметпен "супермен-полицей" деп атайды. Дегенмен, оның өзі айтқандай: "Нағыз ерлік – бұл өз борышыңды үнсіз орындау".
Кездесу академия курсанттары үшін тек ресми шара ғана емес, өмірдің мәні, адамгершілік пен борыш, сенім мен батылдық туралы шынайы әңгімеге айналды. Полицейлер өз бастарынан өткен оқиғаларды баяндап, ең ауыр сәттерде жүректегі сенім мен мейірімнің қандай күш беретінін айтты.
Бұл әсерлі жүздесу жас тәртіп сақшыларының бойына отансүйгіштік рух пен кәсіби намыстың дәнін септі.
Өйткені ерлік – бұл аңыз емес, әр адамның жүрегінде ұялайтын асыл қасиет.
