ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясынан жас офицерлердің 25-ші шығарылымы түлеп ұшты
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясынан жас офицерлердің 25-ші шығарылымы түлеп ұшты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясы жас офицерлерінің 25-ші салтанатты бітіру рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Тәжікстан Республикасы ІІМ ішкі әскерлерінің өкілдері мен өңірдің жергілікті атқарушы органдарының басшылары қатысты.
Салтанатты мерекеде түлектерге әскери жоғары оқу орнын аяқтағаны жөнінде дипломдар табысталды. Қазақстандық түлектермен қатар, үкіметаралық келісімдер аясында білім алған Тәжікстан Республикасының төрт курсанты да диплом алды.
Биыл академия Қазақстан Республикасы мен көршілес мемлекеттердің әскери бөлімдеріне шамамен 200 офицерді жолдайды. Айта кету керек, әскери жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған бес түлек – Диас Беделбай, Әділет Шалқарұлы, Азамат Зұлқарнаев, Думан Айткенов және Әмір Төлеуханов – "лейтенант" шенін мерзімінен бұрын алып үлгерді. Олар офицерлік шенді Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің қолынан тікелей алды.
Ұлттық ұлан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – Мемлекет басшысының шешімімен 1997 жылы Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесінің ашылуы болды. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асып, содан бері оқу орны училищеден институтқа, ал кейін академия деңгейіне дейін өсті. Бұл жолда оқу орнының бірінші басшысы Амангелді Дүйсенов бастаған ұжым мен негізін қалаған офицерлер мен генералдардың еңбегі ерекше аталады. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерлерінің алтын ұясын Артур Токушев басқарады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұлан академиясы түрлі әскери мамандықтар мен офицерлік кадрларды даярлайтын бірегей білім ордасы. Бұл еліміздегі құқықтық тәртіп әскерлері үшін офицерлер даярлайтын жалғыз әскери оқу орны.
Академияда сегіз мамандық бойынша офицерлер даярланады. Оқу он кафедра базасында жүргізіледі. Сонымен қатар академияда жыл сайын Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдардың офицерлері мен келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілер қайта даярлықтан өтетін жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді.
Академияның алғашқы түлектері бүгінде әскери құрамалар мен бөлімшелерді басқарып, кейбірі Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында және өңірлік қолбасшылықтар штабтарында басшылық қызметтер атқарып жүр.
Жалпы, академия өз тарихында 24 рет түлек шығарып, құқық қорғау органдары мен әскери құрылымдарға 5000-нан астам офицер даярлап жіберді. Олар Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі қатарындағы офицерлік құрамды толықтырды.
Академияда ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын профессор-оқытушылар құрамы магистратура және докторантура бағдарламаларын бітірген жас мамандармен толығып отырады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұлан академиясының жеке құрамы облыс пен қаланың қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық іс-шараларына белсене қатысады, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне үлес қосып келеді.