Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан басшылығы елордалық жедел бригадаға барды

Жаңа жыл қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов елордалық жедел бригадаға барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қайрат Үмбетов Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен кезекші ауысымды, оқу пунктінің әскери қызметшілерін, ішкі қарауыл құрамын және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін әскери жасақтарды келе жатқан 2025 жылмен құттықтады.

– ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің және өз атымнан сіздерді келе жатқан 2025 жылмен құттықтаймын. Біз болашаққа сеніммен қараймыз және жақсы үміт күтеміз. Жаңа жыл бізге қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді жүктейді. Барша жеке құрамға антына адалдығы мен әскери борышына деген жауапкершілігі үшін алғыс айтамын. Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, қызметте табыс пен амандық тілеймін, – деді Қайрат Үмбетов.

Сапар барысында Бас қолбасшының орынбасары сарбаздардың қызметтік және тұрмыстық жағдайларымен танысып, әскери қызметшілердің кәсібилігін, тәртібін және мерекелік іс-шараларға дайындықтарын жоғары бағалады. Ол өз ісіне адал ұландықтарға мақтанышын білдіріп, олардың кәсіби деңгейі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Құттықтау аясында Қайрат Үмбетов елорда көшелерінде қызмет атқарып жүрген патрульдеуші әскери жасақтарды да аралап, оларға грамоталар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру