ҚР ІІМ Ұлттық ұлан офицерлері Унифайттан әлем чемпионы атанды
22 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Түркия елінің Анталия қаласында Унифайттан орта жастағы ұлдар мен қыздар арасында әлем чемпионаты өтті. Жарыста әлемнің 30 мемлекетінен келген 600-ден астам спортшы күш сынасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған бәсекеде Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімі жасағының офицері аға лейтенант Азимжон Курбонбоев өнер көрсетті. Ел үмітін ақтаған ұландық 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
– Жарыс жоғарғы дәрежеде үйымдастырылған. Қарсыластарым да мықты дайындықпен келген екен. Бірінші жекпе жек кезінде Өзбекстан спортшысын накоутпен жендім. Екінші кездесуде Молдова спортшысын тізе бүктіріп, финалда Украина спортшысынан жалпы есеп бойынша басым түстім. Енді қоян қолтық ұрыс түрінен ҚР чемпионатына дайындаламын. Маған осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына, командирлеріме және бапкерлеріме де айтар алғысым шексіз, – деді аға лейтенант Азимжон Курбонбоев.
Аталған турнирде Қазақстан Республикасының құрама командасы жалпы есеп бойынша бірінші орынды иеленді.
Айта кетейік, 27 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ресей Федерациясының Саратов қаласында Унифайттан ересектер арасындағы әлем чемпионаты өткізілді. Аталған біріншілікке 32 елден командалар жиналды. Тартысты чемпионатқа қатысқан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан құрама командасы жалпы командалық есепте екінші орын алса, жекелей салмақ түрлерінен барлығы 2 алтын, 7 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды.
Ресей жерінде өткен біріншілікте 60 келіге дейінгі салмақта классика нұсқасы бойынша бақ сынаған 6697 әскери бөлімі жасағының офицері Ержан Әбікеев пен 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде лайт нұсқасында өнер көрсеткен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының (6636 әскери бөлімі) аға маманы Азатбек Айбоба әлем чемпионы атанды.
– Унифайт – өте ерекше спорт түрі. Жекпе-жек алдында спортшылар кедергілерден өтуі керек. Мен үшін бұл жарыс өте сәтті өтті. Қажырлы еңбегімнің арқасында мен бүгін әлем чемпионы атағына ие болдым. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке және Бас қолбасшылыққа алға жылжуыма және жаңа биіктерге қол жеткізуіме қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын, – деді Ержан Әбікеев.
Осылайша ұландық спортшылар өздерінің мықтылығын халықаралық дәрежеде кезекті рет дәлелдеді.