ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарында 1500-ге жуық әйел қызмет етеді
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарында 1500-ге жуық әйел қызмет етеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Ұлттық ұланда 1500-ге жуық әйел қызмет атқарып жүр. Олардың ішінде 240-тан астамы қаржылық қамтамасыз ету саласында қызмет етеді, 50-і байланыс қызметінде, 80-і маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Сондай-ақ 50 әйел авиацияда қызмет атқарса, 53-і барлық әскери қызметшінің моральдық-психологиялық жағдайын бақылап отыр. Олар ер адамдармен қатар еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күрделі қызметтік міндеттерді орындайды және ерлерге тән мамандықтың барлық қиындығын бірдей арқалайды. Олардың 200-ден астамы офицерлік лауазымдарда абыройлы қызмет атқарып келеді.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылық штабы салтанатты іс-шара ұйымдастырды.
Жылдағы дәстүр бойынша мереке күні әскери әйел қызметшілер, ардагерлер мен өзара қарым-қатынастағы органдардың өкілдері ҚР ішкі істер министрі мен министрдің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының атынан құрметке бөленді. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін төсбелгілермен, грамоталармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік “Ерен еңбегі үшін” наградасымен 5513 әскери бөлімінің медициналық пунктінің аға маманы, аға сержант Гүлім Абдығалиева марапатталған болатын.
Салтанатты іс-шара барысында Бас қолбасшы әйелдер қауымына алғыс білдірді.
– Сіздердің еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысына қосқан үлестеріңіз өте маңызды. Сіздер — күштің, даналықтың және өз ісіне деген адалдықтың символысыздар. Әскери әйел қызметшілердің кәсібилігі мен төзімділігі бәрімізге шабыт сыйлайды. Сондай-ақ ұлдарын әскерге ел тыныштығын сақтау үшін жіберген барлық анаға ерекше алғыс айтамын. Әскерде қызмет ететін ерлердің жарларына да алғысым шексіз, себебі олар жұбайларымен бірге қызметтің барлық қиындығы мен ауыртпалығын бөліседі. Отбасыларыңызға бақыт пен тыныштық тілеймін, — деді Аңсаған Балтабеков.
Айта кетейік, әскери әйел қызметшілер күзетте, байланыс тораптарында қызмет етіп, әскери-медициналық, тылдық және бюджеттік-қаржылық қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар олар әйелдер кеңесінің құрамына қосылып, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен жас отбасыларды қолдауға қатысты мәселелерді шешуге атсалысады.