Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан құрамасы халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды

Санкт-Петербург қаласында Ресей Федералдық гвардиясы ұйымдастыруымен достас елдердің ішкі әскерлері мен ұлттық гвардиялары арасында өткен Регби-7 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл беделді жарыс Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның күштік құрылымдарынан құралған үздік құрамаларды жинап, жоғары спорттық шеберлік,  жауынгерлік рух пен бауырластықты паш етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланның құрамасы топтық кезеңді сенімді еңсеріп, Ресей Федерациясы ұлттық гвардиясының Саратов әскери институтын (СӘИ) 45:0 есебімен және Пермь әскери институтын (ПӘИ) 38:5 есебімен ойсырата жеңді. Командамыздың 7:12 есебімен жалғыз жеңілісі  Ресей Федерациясы ұлттық гвардиясының  Жуков орденді әскери академиясымен болған шиеленісті кездесуде  тіркелді.

Турнир қорытындысы бойынша құрамамыз Ресей Федерациясы ұлттық гвардиясының әскери академиясына ғана жол беріп, екінші орынды иеленді. Осылайша, халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.

Турнирдің үздік үштігі:

  1. Ресей Федерациясы ұлттық гвардиясының әскери академиясы
  2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
  3. Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардиясы

Турнир ұйымдастырушылары атап өткендей, бұл турнир небәрі екі таймнан тұратын, әрқайсысы 7 минуттық, нағыз мінез бен жылдамдық сыналатын ойын. Жоғары қарқынмен ерекшеленетін бұл спорт түрі әскери қызметшілерді даярлауда өте тиімді, себебі ол физикалық төзімділікті, тез шешім қабылдауды және күрделі жағдайда әрекет етуді жетілдіреді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы құрамасының бұл турнирге қатысуы әскери қызметшілердің жоғары физикалық дайындығын дәлелдеп қана қоймай, достас елдермен әскери-спорттық байланысты нығайтудың жарқын үлгісіне айналды. Халықаралық деңгейде күміс жүлде алу — әрбір ойыншының үлесі мен тұтас команданың үйлесімді жұмысының, тәртіп пен жауынгерлік рухтың жемісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру