Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қызметкері халықаралық ән байқауында жүлделі орын алды

Мәскеуде өткен халықаралық «Романсиада – 2024» ән байқауында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қызметшісі Асқар Рысбек жүлделі ІІ орын иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1996 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылатын ән байқауында әлемнің сегізден астам мемлекетінен келген қатысушылар бақ сынады. Солардың ішінен оза шауып, жүлделі орын еншілегендер қатарында ҚР ІІМ Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің қызметшісі Асқар Рысбек де бар. Еліміздің абыройын асқақтатып, өз өнерімен күллі жұртты сүйсіндірген азамат әскери бөлімдегі мәдени-демалыс орталығының «Генерал» тобының жас әншісі.

Байқауда дарынды орындаушылар классикалық романс жанрындағы шығармаларды орындап, өнерсүйер қауым мен қазылар алқасын өз шеберліктерімен тәнті етті. Асқар Рысбек өзінің ерекше даусымен, сахналық шеберлігімен көзге түсіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

– Шығармашылық жолымда мені қолдағандардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Әсіресе Ішкі істер министріне, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Ансаған Балтабековке сенім мен қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымды айтамын, – деді жеңімпаз.

Айта кетсек, Рысбек Асқар – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты. Ресейдің Челябинск қаласында өткен «Орфей» халықаралық конкурсының және Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен VIII «Среднеазиатская романсиада» конкурсының  жеңімпазы.

Асқар Рысбектің халықаралық байқаудағы жеңісі – бұл талант, табандылық және музыкаға деген сүйіспеншіліктің үлкен жетістіктерге жетелеуінің жарқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру