Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары 3 жасар қыздың өмірін сақтап қалды

Түркістан облысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұстамасы басталған 3 жасар қыздың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 1 қараша күні сағат 14.00 шамасында Құдайбергенов көшесіндегі дүкендердің бірінде болған. Жағдай аяқасты болды: Volkswagen көлігінен қолында кішкентай қыз бар ер адам жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрады. Бұл жағдайды байқаған әскери қызметшілер ойланбастан көмекке ұмтылды. Қатардағы жауынгер Нұрболат Сейсенбеков жағдайды бағалап, дереу алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті, ал осы уақытта сержант Жанболат Дүйсенбай жедел жәрдем шақырды.

Уақытылы көрсетілген алғашқы медициналық көмек жедел жәрдем келгенге дейін қыздың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Әскери қызметшілердің кәсібилігі мен табандылығы баланың жағдайын тұрақтандыруда шешуші рөл атқарды.

– Біз әрқашан мұқтаж адамдарға көмектесуге дайынбыз. Бұл біздің жұмысымыз және жауапкершілігіміз, – деп атап өтті қатардағы жауынгер Нұрболат Сейсенбеков.

Қыздың отбасы әскери қызметшілерге жедел әрекеттері мен кәсібилігі үшін алғысын білдірді.

– Сарбаздар болмағанда, біз не істер едік?! Олар нағыз батырлар, – деді қыздың анасы.

Қазір балақайдың жағдайы тұрақты. Құтқарылған қыздың ата-анасы Түркістан қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальонына әскери қызметшілерге ерлігі үшін жеке алғыс айту үшін арнайы келді.

Бұл оқиға қиын сәттерде көмектесуге дайын болу қаншалықты маңызды екенін көрсететін батылдықтың жарқын мысалы болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру