ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары науқас балаға көмек көрсетті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының елордадағы 5573 әскери бөлімінің сарбаздары қызмет атқару барысында науқас балаға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астананың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери жасақтарға денсаулығында кінәраты бар бозбала жоғалғаны туралы шұғыл ақпарат берілді. Қатардағы Бақыткелді Әбляз өзі қызмет атқаратын бағдардан 17 жас шамасындағы, сырт келбеті жедел ақпарда көрсетілген белгілерге ұқсас жасөспірімді байқайды. Ол Бұқар жырау – Тұран көшелерінің қиылысында келе жатқан екен.
Әскери қызметші рация арқылы бірден учаске бойынша аға капитан С. Сәлімовке баяндайды. Көп кешіктірмей, адасқан азаматты анасымен аман-есен қауыштырды. Қуанған ана өз кезегінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне алғысын білдірді.