ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқынына қарсы шараларды қарқынды жүргізіп жатыр
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқынына қарсы шараларды қарқынды жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері су тасқыны қаупі жоғары өңірлерде алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Осыған орай, Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінен Арқалық қаласына құқықтық тәртіп әскерлерінің 100 әскери қызметшісі және 9 техника бірлігі жіберілді.
Күні бойы Ақбидай және Новое шағын аудандарында ұландықтар 40-тан астам жеке тұрғын үйді қардан тазартты.
Сонымен қатар Астана қаласы маңындағы Қоянды ауылында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінен 30 әскери қызметші дәл осындай жұмыстар жүргізді. Олар арықтарды қардан тазарту және су тасқынын болдырмау үшін қаптарға құм толтыру жұмыстарымен айналысты.
Айта кету керек, су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғаннан кейін жеке құрамға ыстық түскі ас ұйымдастырылды, ал жергілікті тұрғындар Ұлттық ұлан басшылығына жедел көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді.
Ұлттық ұлан су тасқынын алдын алу шараларын басты назарда ұстап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тұрғындарға қолдау көрсетуді жалғастыруда.