Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары танымал спортшымен кездесті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қазақ еліне танымал спортшы, рекордсмен Темір Спатаевпен жүздесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күш экстримі бойынша бірнеше дүркін рекорд иесімен кездесу тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асты. 3660 әскери бөлімінде өткен шараға 250-ден астам сарбаз қатысты.

Темір Спатаевтың спортта жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Ол кездесу барысында биік белестерді тек ерен еңбектің арқасында бағындырғанын баяндап берді. Сарбаздардың дене шынықтыру және моральдық дайындығының маңыздылығын талқылап, мықты тұлға болып қалыптасудағы патриотизмнің рөлін атап өтті. Армандарға жетудің жолдарымен бөлісіп, құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Темір Спатаевтың күш экстримі бойынша кәсіби түрде айналысып, рекорд орнатып жүргеніне жеті жылдай болған. Негізгі мақсаты – қара күшті елге, әлемге насихаттау екен.

– Спортты жаным сүйеді. Мақсатым — осы спорт түрін елге, әлемге танытып, жастар арасында насихаттау. Өскелең ұрпақты шыңдап, білімді етіп, патриоттық сезімдерін оятқым келеді. Сондықтан оқушылармен және қазақ әскеріндегі сарбаздармен жиі кездесіп жүрмін. Әрине айналысып жүрген ісімді өзім ғана білсем деген ой жоқ. Әр қазақтың баласы мықты болсын. Біз батыр бабаларымыздың ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек, – дейді рекордсмен.

Кездесу кезінде қара күш иесі әскери қызметшілер арасында белтемірге тартылу, гір тасын көтеру, салмағы 25 келі болатын болат қылышты бір қолымен тіке ұстап тұру секілді жарыстар ұйымдастырды. Жақсы нәтиже көрсеткен ұландықтарға алыптар сайысы бренді бейнеленген футболкалар тарту етті.

Әскери қызметтегі нәзік жанды арулар арасында да болат қылышты бір минуттан аса көтерген лейтенант Әлия Әбдіғалиеваға қара күшпен темір шегеден жүрек пішінін жасап, тарту етті. Кездесу соңында сарбаздар қонақты ортаға алып естелік фотоға түсті.

Айта кетейік, Темір Спатаев халық арасында “темір адам” деген лақап атпен танымал. Ол армрестлингтен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионы, Бауыржан Момышұлы атындағы “Намы” төсбелгісінің иегері. Мас-рестлингтен әлем чемпионатының жүлдегері. Сонымен қатар ол “Толағай” ұлттық спорт федерациясының негізін қалаушы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру