ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары "Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясын бастады
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары "Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясын бастап, елорданың қоғамдық көліктерінде жеңіс әндерін орындады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұлан ансамблінің ерлер хоры солистері қалалық автобусты концерт алаңына айналдырды. Олар жанды сүйемелдеу арқылы соғыс жылдарындағы әндерді қоғамдық көлік жолаушыларымен бірге орындап, "Жеңіске 100 күн қалғанда" республикалық акциясын бастады.
Күйбең тірліктің қамымен, түрлі ойлардың жетегінде жүрген қала жұртшылығы үшін әдеттегі автобус кенеттен концерттік алаңға айналды. Ұлттық ұлан Ансамблі ерлер хорының тікелей сүйемелдеуімен жолаушылар да санадан өшпес “Смуглянка”, “На солнечной поляночке” әндерін қосыла орындады. Құқықтық тәртіп әскері осылайша “Жеңіске 100 күн қалғанда” республикалық акциясын бастады. Әскери музыканттар қала тұрғындарының күнделікті сапарына ерекше әсер етіп, көпшілікке оң эмоция мен жағымды атмосфера сыйлады.
Шындығында, іс-шараны ұйымдастырушылар тарихты сақтауда, сондай-ақ соғыстың қиын жылдарында халық рухын асқақтатуда музыканың маңызды рөл атқарғанын, отандастарымыздың ерлік үлгілерін насихаттауды көздеген. Айта кету керек, мерекелік іс-шаралар барша халықты Ұлы Отан соғысының батырларына құрмет көрсетуге жұмылдырады.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ұлан “Жеңіске 100 күн қалғанда” республикалық акциясына қосылды. Айтулы датаға дейін құқықтық тәртіп әскерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарында патриоттық тәрбие бойынша кешенді жұмыстар өткізілетін болады. Ұлы Отан соғысының батырларын еске алуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ түрлі мәдени-қоғамдық акциялар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Акцияның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың жадына Жеңіс пен соғыс тарихының маңыздылығын жеткізу.