Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері мен студенттер Сергей Цырульниковпен кездесті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде көрнекті спортшы және қоғам қайраткері Сергей Цырульниковпен кездесу өтті. Іс-шараға Жәңгір хан университетінің экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіптік білім беру институтының “Бастапқы әскери дайындық” бағдарламасының студенттері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сергей Цырульников — Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін рекордсмені, Туризм және спорт министрлігінің ресми елшісі, меценат, “Құрмет” және “Достық” мемлекеттік наградаларының иегері. Ол құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлерімен өз тәжірибе бөлісті, жастардың дене шынықтыру және моральдық дайындығының маңыздылығын талқылады, сондай-ақ өзінің мықты тұлға боп қалыптасуындағы патриотизмнің рөлін атап өтті.

– Сіздердің орталарыңызда болу – мен үшін үлкен мәртебе. Әскери дайындық денені нығайтып қана қоймай, рухты да қатайтады. Сіздердің әрбіріңіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындарыңызға сенемін, – деді құрметті қонақ.

Кездесу аясында практикалық сабақтар, экскурсия жүргізілді, сондай-ақ студенттермен тәрбиелік әңгіме өрбіді. Алып күш иесі құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге және ел тағдыры үшін жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сергей Цырульников өзінің әскери бөлім клубында керемет күш көрсеткіштерін паш етті және өзінің әйгілі трюктерін көрсете отырып, шеберлік сыныбын өткізді: ол көрермендердің көзінше резіңке қапшықты үрлеп, темірден жасалған заттарды, болат шегелерді жалаңаш қолымен майыстырды.

“Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Бекайдар Қазкеев осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

– Жас ұрпақты тәрбиелеу — біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі. Біз ел қорғаушыларына әскери дағдыларды ғана емес, оларды қызметте де, өмірде де бағыттайтын моральдық бағдарларды беруге тырысамыз, – деді ол.

Жәңгір хан университетінің басшылығы маңызды әскери-патриоттық іс-шараны ұйымдастырған 5517 әскери бөлімінің қолбасшылығына алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру