Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындарға көмектесті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын екенін тағы да дәлелдеді. Олар бір бірнеше баланы құтқарды, зардап шеккендерге көмектесті және тәртіп бұзушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нақтырақ айтсақ, Алматы көшелеріндегі қауіпсіздікті қадағалау кезінде "Сайран" көлі ауданында әскери жасаққа кішкентай қызынан көз жазып қалған азаматша жүгінді. Арада біраз уақыт өткенде тағы бір әскери жасаққа ер адам келіп, сегіз жасар ұлының жоғалғанын айтып, көмек сұрайды. Ұландық сарбаздар бірден іздеу шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай балаларды ата-анасымен қауыштырды.

Осылайша, 5571 әскери бөлімінің жауынгерлері – Руслан Мырзағалиевке, сондай-ақ қатардағы патрульшілер Заңғар Хамит, Жандос Шынтаев, Дарын Жандарбек, Санжар Қожамұрат және Сержан Тойшыбекке ата-аналар шынайы алғыстарын жеткізді.

Сол күндері Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері де қызметте көзге түсті. 5514 әскери бөлімінің 5 жедел ротасының аға сержанты Данияр Айтбаев қызмет атқару кезінде жерде жатқан адамды байқады. Ол ойланбастан қызметтік көлікті тоқтатып, жәбірленушіге жақындап, жағдайын сұрайды. Ер адам құрылыс жұмыстары кезінде жарақат алғанын және өздігінен қозғала алмайтынын айтқан. Аға сержант Айтбаев сол жерде дереу жедел жәрдем бригадасын шақырып, қатардағы жауынгер Рауан Оразбаймен бірге жәбірленушіні дәрігерлерге жеткізеді.

Сонымен қатар тағы бір әскери жасақ сарбаздары ұрлық жасаған күдіктіні ұстайды. Сол күні тәртіп сақшыларына азамат велосипед ұрланғаны жайлы арызданып, жоғалған мүліктің белгілерін берген болатын. Ефрейтор Руслан Келдібеков пен қатардағы жауынгерлер Илхом Мұратов және Данияр Қайрлап ұрланған велосипедпен жүрген жасөспірімді қолға түсіреді. Үй иесі өз мүлкін танып, әскери қызметшілерге кәсіби әрекеттері мен жедел көмектері үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, қоғамдық тәртіп күзеті — бұл тек тыныштықты қадағалау ғана емес, сондай-ақ қиындыққа тап болған тұрғындарға деген күнделікті көмек пен қамқорлық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру