Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгерлері үш айда 5 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстады

Жылдың алғашқы үш айында ұландықтардың көмегімен заңсыз айналымдағы 82 бірлік суық және атыс қаруы, сонымен қатар оқ-дәрілер анықталды. Сондай-ақ жалпы салмағы 322 грамм болатын есірткі заттары тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әскери қызметшілердің арқасында ата-анасынан адасып, мекен жайдан жаңылған 15 бала жақындарына табысталды. Ұландықтардың қатысуымен 11 өрт сөндіру және адамдарды құтқару фактісі тіркелгенін де атап өткен жөн. Әскери жасақ жауынгерлері 45 адамның жоғалған заттарын тауып, 91 смартфонды иелеріне табыстады. Жауынгерлік қызмет барысында сарбаздар жүрек талмасы мен демікпесі бар адамдарға, жол-көлік апатына ұшыраған жандарға немесе өзіне-өзі қол жұмсамақ болғандар мен суға батқан кісілерге дер кезінде көмек көрсетіп жатады.

Үш айдың ішінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 21 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұдан бөлек, түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген 4 938 азамат ішкі істер органдарына жеткізілген. Олардың 194-і қылмыстық белгілермен ұсталған.

Осындай нәтижелі қызмет барысында белсенділік танытқан жауынгерлерге құрмет көрсетілді.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жылдың алғашқы тоқсанындағы қызмет қорытындысы бойынша бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.

– Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тыныштық жолында тынбай тер төгіп, ішкі тұрақтылық пен бейбіт күннің тірегі болып келеді. Сарбаздарымыз адал қызметтерімен ел қауіпсіздігіне елеулі үлес қосуда. Жауынгерлеріміздің жарқын істері мен қызметтегі жетістіктері – осыған нақты дәлел, – деді А.Балтабеков.

Бұған дейін Астанада 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері өрт шыққан жатақханадан 60-тан аса адамды қауіпсіз жерге эвакуациялап, қауіптің алдын алған болатын.

– Қызмет барысында жақын маңдағы жатақханалардың бірінен шыққан түтінді байқап, жедел жетіп бардым. Өртеніп жатқан ғимараттың ішіне еніп, бастапқы сәтте қарттар мен балаларды сыртқа алып шықтым. Жобамен қауіпсіз аймаққа 30 шақты адамды шығардым. Осы кезде өзге де қаруластарым көмекке келді. Абырой болғанда, өрттен зардап шеккендер болмады. Ал бүгін қырағы қызметіміз бен халыққа көрсеткен көмегіміз үшін бізді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы өзі келіп марапаттады. Бұл мен үшін ғана емес, ата-анам мен бауырларым үшін де үлкен қуаныш, – деді қатардағы Жомарт Жұмабек.

Жалпы, мұндай мысалдар жетіп артылады. Жоғалған балаларды табу, бұзақылар мен қылмыскерлерді құрықтаудан бөлек, есірткі тасымалдаушыларды ұстауда, адам өміріне араша болуда ұландықтар кәсіби шеберліктерімен жиі көзге түседі.

Жалпы, әскери борышын адал орындағаны, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қайсарлық танытқаны үшін республика бойынша құқықтық тәртіп әскерінің 57 жауынгері марапатталды. Олардың 52-сі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының алғыс хаттарын иеленсе, 5 сарбазға "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" кеуде белгілері табысталды.

Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы сақшылармен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл міндетті атқаруға күн сайын әскер бойынша 8 мыңнан аса ұландық жұмылдырылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру