ҚР ІІМ Ұлттық ұланда сарбаздардың қызмет жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында сарбаздардың қызмет жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков пен "Аналар жүрегі" сарбаздар аналары комитеті" Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лилия Хайруллина арасында кездесу өтті.
Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов, сондай-ақ Бас басқарма басшылары да қатысты.
Кездесу барысында әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың медициналық қызметпен қамтылуы және жеке құрамның тамақтануын ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Аңсаған Балтабеков Лилия Хайруллинаға белсенді ынтымақтастығы мен сарбаздардың қызмет жағдайларын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Кездесу барысында ата-аналарға сарбаздардың тамақтануы үшін алаңдамауға болатындығы атап өтілді. Себебі басшылыққа алатын құжаттар қайта қаралып, тамақтану шарттарының бұзылуына жауапкершілік күшейтілген, сондай-ақ сенімсіз мердігерлермен келісімшарттарды бұзу көзделген.
Лилия Хайруллина әскери бөлімдерде ашық есік күндерін жиі ұйымдастыруды, бұдан бөлек сарбаздар үшін демалыс күндері кинофильм клубын құруды ұсынды. Бірлестік атынан ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына ынтымақтастық үшін алғыс айтты.
Кездесудің нәтижесінде әскери қызметшілерді қолдауға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі туралы өзара түсіністік орнады. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының және Сарбаздар аналар комитетінің өкілдері жас Отан қорғаушылардың қауіпсіздігі, денсаулығы және әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған әріптестікті әрі қарай дамытуға келісті.
