ҚР ІІМ Ұлттық ұланда тактикалық медицина негіздері бойынша оқу-әдістемелік жиын өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланда тактикалық медицина негіздері бойынша оқу-әдістемелік жиын өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұлан әскерлерін даярлаудың 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес 6654 оқу бригадасында құқықтық тәртіп әскерінің орта медициналық персоналының біліктілігін арттыру бойынша оқу-әдістемелік жиын өтті.
Бұған дейін ҚР ІІМ Ұлттық ұланында тактикалық медицина бойынша хаттама әзірлеу және бекіту туралы бастама көтергенін, сондай-ақ телемедицинаны дамытуды ұсынғанын атап өткен жөн.
Оқу жиыны аясында эпидемиология, алғашқы медициналық көмек көрсету, медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тактикалық медицина бойынша практикалық сабақтарға ерекше назар аударылды. Оқытудың бұл бағыты 2025 жылы Ұлттық ұлан жүйесінде тактикалық медицина қызметінің құрылуына тікелей байланысты болды.Бұл қызметтің мақсаты — жеке құрамды жауынгерлік жағдайларда медициналық көмек көрсету жөніндегі іс-қимылдарға оқыту.
Тактикалық медицина бойынша сабақтардың тәжірибелік бөлігі 6654 әскери бөлімінің оқу орталығында "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесі нұсқаушыларының қатысуымен өтті. Шынайы оқиғаларға барынша жақын жағдайларда әскери қызметшілер шұғыл көмек көрсету, гемостатикалық турникеттер салу дағдыларын, жаралыларды тасымалдау және эвакуациялау тәсілдерін пысықтады.
— Төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету бойынша әдістемелік дайындық жеке құрамда психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруға, өзін-өзі ұстай білуге және стресс пен жауынгерлік факторлардың әсерінен тиімді әрекет ете білуге көмектеседі. Сонымен қатар, жауынгерлік шығындарды азайтуға ықпал етеді, - дейді Ұлттық ұлан әскери-медициналық басқармасының бастығы Талғат Сыдырманов.
Тактикалық дайындықтан басқа, жиын шеңберінде объектілердің санитарлық жай-күйін медициналық бақылау, дәрі-дәрмектермен жұмыс істеу тәртібі, жауынгерлік кезекшілік кезінде медициналық көмекті ұйымдастыру, санитарлық өңдеу, инфекциялар мен тамақтан уланудың алдын алу, сондай-ақ жаралар мен қан кетулер кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша теориялық және практикалық сабақтар өтті.
Айта кету керек, мұндай жиындарды өткізу Ұлттық ұлан жеке құрамының медициналық даярлығының жоғары деңгейін ұстап тұруда маңызды рөл атқарады және әскери қызметшілердің денсаулығы мен жауынгерлік дайындығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады