ҚР ІІМ Ұлттық ұланда үшжақты келісімге қол қойылды
Қазақстан Республикасы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскерлері мен психологиялық орталықтар арасында үшжақты келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары “Халық қаһарманы” Қайрат Үмбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Константин Авершин, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Серік Рахимов және Астана гарнизоны әскери бөлімдерінің психолог-мамандары қатысты.
Кіріспе сөзінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары келісімнің бастамашысы – депутат Константин Авершинге, «Орталық Азия өңірінің когнитивтік мінез-құлық терапиясы қауымдастығының» президенті Жаннат Нұркинге және «International Academy of Emotional Intelligence» ЖШС өкілі Айгүл Абдулмановаға өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді.
– Әскер – қоғамның ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, қоғамдағы психологиялық қайшылықтар әскерде де көрінеді. Біз бұл мәселені жасырмаймыз және бұл туралы ашық айтамыз. Бүгінде әртүрлі психологиялық бұзылуларды зерттеу үшін терең білім қажет. Келісімге қол қойылғаннан кейін біз ынтымақтастықты арттырамыз және аясын кеңейтеміз деп сеніммен айта аламын. Бұл мәселені ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жеке өзі бақылап отыр. Біз барлық бағыт бойынша тәжірибе алмасуға дайынбыз, – деп атап өтті құқықтық тәртіп әскерінің бас тәрбиешісі.
– Сарбаздармен тұрақты байланыстағы офицерлер құрамымен жұмыс істеу маңызды. Өкінішке қарай, біздің әскерде психологтар өте аз. Сонымен қатар әскери бөлімдердегі тәрбие жұмысын жүргізетін офицерлердің жалақысы өте төмен. Біз Мәжілістің қорғаныс комитетінде олардың жалақы мөлшерлемесін арттыру туралы мәселені көтергіміз келеді, – деді депутат.
Меморандумға қатысушылар ҚР ІІМ Ұлттық ұлан басшылығына алғыстарын білдіріп, алдағы бірлескен жұмыс жемісті болатынына сенім білдірді.