Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 15 жауынгері күрең берет иегері атанды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің атыс алаңында күрең беретке үміткерлердің біліктілік сынағы өтті. Оған  еліміздің әр аймағынан арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұндай  сынақ түрі жыл сайын еліміздің әр аймағында  өткізіледі. Негізгі  басты мақсаты – экстермизм және лаңкестіктің жолын кесу, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындайтын «Б» арнайы жасағы мүшелерінің дайындығын шыңдау. Жалпы жасақтар құрамында барлық талапқа сай келетін сардарлар мен келісімшарт бойынша  әскери қызметшілер қызмет етеді.

Биылғы осы дәстүрлі додаға 300-ге жуық ниет білдірушінің арасынан іріктелген 80-нен астам үміткер қорытынды сынаққа қатысты. Олар алғашқы кезеңде теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс және медициналық дайындық бойынша сынақ тапсырды. Осы аралықта төмен көрсеткіш көрсеткен қатысушылар екінші кезеңге өте алмады. Жолы болып шешуші кезеңге небәрі 44 үміткер өтті.

Шешуші кезеңнің бірінші күні сынаққа қатысушылар таңғы сағат 05:00-де дабыл арқылы көтерілді. Сол күйі 5 шақырымға жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Одан соң ұзақ та күрделі жорыққа аттанды. Жолда олар қарсыластың шабуылын тойтару, жараланған қаруласының жарасын танып, қауіпсіз аймаққа сүйреп өту, өрт шыққан аймақтан тыныс алуға арналған бас киіммен жүгіру секілді тапсырмаларды орындады. Жолай әбден шаршаған жауынгерлер бауырымен жорғалап, жатқан күйі тасалануға арналған ор қазды және етігімен су кешті. Таң атпастан аяққа тұрған үміткерлер желе жортқан күйі кешке дейін дамыл таппады.

Сынақ кезінде жауынгерлерге физикалық және психологиялық соққы жасалды. Олар соған қарамастан кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін ерік-жігерін аяған жоқ.

Осынау бір аптадан бері арнайы жасақ жауынгерлері орындап жатқан тапсырмалар легі аяқталды. Сынақтың қорытынды күні олар 10 шақырым жүгіріп, оқ дәрі салынған қобдишаларды сүйреуден норматив тапсырды. Селкілдек көпір үстінен өтіп, темір бағаннан төменге сырғанады.

Қиғаш қойылған ағаштардың бірінен еңкейіп, бірін аттап, шынжыр байланған дөңгелектер қабырғасына өрмелеп шықты. Аспалы темірлерді де артта қалдырды. Суға секіріп, биік тас қабырғаны бірлесе еңсерді.

Осы уақыт аралығында жан-жақтарын өрт торлап, алдарынан пулемет сақылдап тұрды. Ал өзге де кедергілердің маңына таяған кезде жарылыс болып жатты. Олар бұрқырай атылған пулемет оғынының астынан жорғалап барып, қауіпсіз нүктеде асынып жүрген қаруынан оқ атты. Үміткерлерге бір оқ және бір ғана мүмкіндік берілді. Құм тиіп, су шашылған қарудан оқ атылмай қалса жауынгер сынақты осы жерде аяқтар еді. Бабы мен бағы қатар шауып, ауыр сыннан сүрінбей өткендер ақтық сынақ – қоян-қолтық төбелеске шықты. Үш раундтан тұратын жекпе-жектің соңғы бөлімінде рингтегі жігіттер тың тұрған күрең берет иегерлерімен күш сынасты. Бұған дейін сапта болған 15 үміткердің бәрі де 9 минут бойы соққыларға төтеп берді. Әлі кетіп, күші сарқылғандардың өзі темірдей төзімділік танытты. Осылайша, олардың бәрі де күрең берет иегерлері атанды.

Сынақтан сүрінбей өткендерге салтанатты жағдайда қастерлі күрең берет табысталды. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты. Құрметті қонақтардың арасында Ұлттық ұлан әскерімен тығыз байланыстағы өзге де әскери күш құрылымдардың басшылары болды.

– Күрең берет бас киімін кию әрі «Бүркіт» кеуде белгісін тағу құқығына ие болу жанқиярлық ерлік пен батылдықты талап етеді. Десе де, мұндай сынаққа құрыштай шыныққан әскерлер ғана баратыны анық. Күрең беретті кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Бұл шара жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелеуге бағытталады, – деді Жамбыл облысының әкімі.

Облыс басшысының сөзінен кейін сынақтан сүрінбей өткен жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов күрең беретті табыстады. Сондай-ақ ол діттеген мақсатына қол жеткізген жауынгерлерді ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары –  Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің атынан құттықтады.

– Бұл сынақтар құқықтық тәртіп әскерінің дәстүрлі сабақтастығын жалғай отырып, «Бүркіт» арнайы жасақ жауынгерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру және шеберліктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған. «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері өздеріне жүктелген тапсырмаларды сәтті орындап келеді. Сондай-ақ мемлекеттің және азаматтардың конституциялық құқығын қорғауда өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Биылғы желтоқсан айында аталған арнайы жасақтың құрылғанына 25 жыл толады. Осы уақыт аралығында ІІМ және Ұлттық ұлан басшылары арнайы жасақ жауынгерлерінің дайындығына қолдау көрсетіп, назарда ұстап келді. Қазіргі уақытта арнайы жасақ бөлімшелерін қамтамасыз ету деңгейі артпаса кеміген емес. Сондықтан да мұнда қызмет атқарғысы келетін әскерилерге қойылатын талап қатаң. Бұл сөзімізге күрең берет бауырластығына қосылған жауынгерлердің деңгейі дәлел бола алады. Бүгін күрең берет киген әскери қызметшілердің қатары 15 адамға толғып отыр, – деді Бауыржан Әбжанов.

Осылайша, сынақты сәтті аяқтаған жауынгерлердің төккен тері, еткен еңбегі ақталды. Олар бұл күнді ешқашан ұмытпақ емес.

– Күрең берет алу — менің арманым еді. Осы сынаққа тыңғылықты дайындалдым. Маған сенім артқан адамдарға айтар алғысым шексіз. 65 шақырымды еңсердік. Бұл тыңғылықты дайындықтың ғана емес, намыс пен жігердің де арқасында деп ойлаймын. Жасым 41-ге таяп қалды. Бүгінге дейін осы құрметке ие болуды мақсат етіп едім. Былтыр дәл осы сынақтың жартысына келгенде денсаулығым сыр беріп, қалыс қалып едім. Шүкір, жақындарымның арқасында еңсе тіктеп, бүгінгі деңгейге жеттік. Бұл мен үшін Олимпиада алтынымен парапар, – деді бүгін ғана күрең берет иегері атанған ЖАК есімді жауынгер.

Айта кетейік, әскери қызметшілер арасындағы қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті сыңға салар айтулы шараны тамашалауға Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының арнайы жасақ өкілдері де келіп, өздерінің жоғары бағаларын берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру