ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери оркестрі Жеңістің 80 жылдығына орай концерт өткізді
"Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің оркестрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қарағандыдағы сауда орталықтарының бірінде мерекелік концерт ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты — соғыс жылдарындағы батырларды дәріптеу, қазақстандықтарды патриоттық рухпен шабыттандыру және Жеңіс күніне құрмет көрсету.
Концерт кезінде әскери оркестр Ұлы Отан соғысының әйгілі әндерін орындады.
— Ұлттық ұланда 29 қаңтардан бастап "Жеңіске 100 күн қалғанда” акциясы жүріп жатыр. Мұндай іс-шаралар — жай ғана концерт емес, бұл жеңімпаз бабаларымыздың ерлігі. Біз жастарға Жеңістің қандай бағамен келгенін жеткізуге міндеттіміз, — дейді 6505 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мақсат Мұқаев.
Шын жүректен шыққан шығармалар көрермендерге ата-бабаларымыздың қаһармандық жолын сезіндірді. Қала тұрғындары мен қонақтары қойылымды ерекше тамашалап, әрбір өнерпазға қошемет көрсетті. Оркестрдің кәсіби шеберлігі мен орындауы көпшілікке қатты әсер етіп, Ұлы Жеңіске деген мақтаныш сезімін оятты.
Бір сөзбен айтқанда, концерт жастарға патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болды.