ҚР ІІМ Ұлттық ұланның үздік шаңғышылары анықталды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер арасындағы шаңғы жарысының жеңімпаздары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа 15 командадан барлығы 60 спортшы төрт жас санатында бақ сынады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов жарыстың басталу пәрменін берді.
Жеке есепте Медет Сағындық (35 жасқа дейін), Ерік Мусаипов (40 жасқа дейін) және Мақсат Қалдаев (45 жасқа дейін ) топ жарды. 45+ санатындағы бәсеке аса тартысты өтті. Бар болғаны бір секунд айырмашылықпен жауынгерлік дайындық бас басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Төлегенов жеңіске жетті.
Командалық есепте “Б” орталығы жеңімпаз атанды. Күміс жүлде Жауынгерлік дайындық бас басқармасы мен әскер қызметі бөлімі құрамасына бұйырды. Қола жүлдені Байланыс басқармасы иеленді.
Жеңімпаздарға медальдар, мақтау қағаздары және ауыспалы кубок табыс етілді.
Марапаттау рәсімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Абжанов қысқы спорт түрлерінің төзімділікті сынап, денсаулықты нығайтатынын және әрдайым бабында болуға көмектесетінін атап өтті. Ол жарыс қатысушыларын құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.