ҚР ІІМ Ұлттық ұланның жас сарбаздары ант қабылдады
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің жас сарбаздары әскери ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың соңында әскери бөлімнің қатарына 130-дан астам жас сарбаз қосылған болатын. Олар Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан шақырылды.
Отан қорғаушыларды құттықтауға туыстары мен достары, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекеттік Туды көтеру құқығы оқу пунктінің үздік сарбазы қатардағы жауынгер Расул Рамазановқа берілді. Ел Әнұранын жанды дауыста орындағаннан кейін сарбаздар Отанға адал қызмет етуге серт берді.
Қатысушыларды 6636 әскери бөлімінің командирі Ерлан Буранбаев құттықтады.
— Сарбаздар ант қабылдаған күн — біз үшін нағыз мереке. Бұл ерекше күн жауынгерлеріміздің жадында мәңгі қалады. Ел қорғау — еліміздің әрбір азаматының борышы. Сондықтан жауынгерлік қызметті лайықты атқарғандарыңызды қалаймын. Сіздерне патриотизм мен жақсы тәрбие сезімін ұялатқан ата-аналарыңызға рақмет, - деді Ерлан Буранбаев.
6636 әскери бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Феликс Дульский жастар алдында сөз сөйлеп, әскердегі қызметтің қадір-қасиеті туралы айтып берді. Ол сарбаздар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даңқты батырлар тарихын жалғастыратынына сенім білдірді
— Қаруластарымды әскери ант қабылдаған күнімен құттықтаймын! Баршаңызға лайықты қызмет етуді тілеймін. Құрметті ата-аналар, біз сіздерге бір жылдан кейін үйге абыроймен және мақтанышпен, ең бастысы — нағыз ер азамат болып ораламыз деп уәде береміз. Ұлттық ұланда қызмет ету біз үшін үлкен мәртебе, ал ата-анамыз үшін үлкен қуаныш, - деді қатардағы жауынгер Әлішер Абдурахман.
Сондай-ақ қатардағы Алдияр Жақсылықтың әжесі Рысқұл Қамалбекқызы да сөз сөйледі.
- Бүгін ерекше күн — Отанымызға адал болуға ант берген күндеріңіз! Мен өздеріңмен мақтанамын және елдің лайықты қорғаушысы болатындарыңа сенемін. Ар-намыс серіктерің болсын. Күшті, батыл болыңдар және сендерді үйде күтетін жақындарың бар екенін ұмытпаңдар, - деді әжей.
Осыдан кейін сарбаздар қонақтарға қоян-қолтық қимыл-тәсілдерін көрсетті. Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының өнерін ерекше атап өткен жөн. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін сарбаздар мен ата-аналар естелік суретке түсті.