Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы мен соғыс ардагерлері қауымдастығы меморандумға қол қойды

Жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде маңызды қадам жасалды. Бұл Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы мен соғыс ардагерлері қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Тараптар өзара екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құжатқа Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов пен қауымдастық төрағасы Нәбиден Үсенов қол қойды. Кездесу барысында тараптар кәсіби байланысты нығайтудың, әскери-патриоттық тәрбие мен соғыс ардагерлерін қолдау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасының соғыс ардагерлері қауымдастығы азаматтар арасында патриоттық, адамгершілік және рухани құндылықтарды дамытуға бағытталған белсенді жұмыстар жүргізуде. Ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі – жастарды тәрбиелеу, олардың Отан алдындағы борышын сезінуіне және әскери қызметке құрметпен қарауына ықпал ету. Осы тұрғыда Ұлттық ұланмен жасалған меморандум бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктер ашады.

- Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Соғыс ардагерлері қауымдастығымен ынтымақтастық аясында біз бұл жұмысты кеңейтіп, ардагерлеріміз жинаған тәжірибені өскелең ұрпаққа насихаттай аламыз. Осылайша, жастардың бойында Отанға деген адалдық рухын қалыптастыруға үлес қосамыз, – деп атап өтті Үмбетов.

Қауымдастық мүшелері де жастарды тәрбиелеу ісінде Ұлттық ұланмен өзара іс-қимылдың маңыздылығын айтты. Бірлескен жұмыстар азаматтық-патриоттық тәрбие мен әскери қызметті жастар арасында насихаттауға ықпал ететінін ерекше атады.

Айта кету керек, меморандум шеңберінде жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында тақырыптық кездесулер, әскери-спорттық іс-шаралар, білім беру бағдарламалары мен патриоттық акциялар бар. Мұндай ынтымақтастық ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және қоғамда патриоттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру