ҚР ІІМ Ұлттық ұланында Әскери кеңес отырысы өтті
Астанада Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен ІІМ Ұлттық ұланының Әскери кеңесінің отырысы өтті. Жиынға өзара іс-қимыл жасайтын органдардың басшылары мен әскери бөлімдердің командалық құрамы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырыс барысында өткен жылғы қызметтік және жауынгерлік жұмыс нәтижесі қаралды. Министр Ұлттық ұланның ведомство жүйесіндегі маңызды рөлін атап өтіп, елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жауапты міндет атқаратынын тілге тиек етті.
– Ұлттық ұлан жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындады. Оның ішінде су тасқынының салдарын жоюда да үлкен жұмыс атқарды. Былтыр Мемлекет басшысы ведомстволық авиациялық базаны ашты. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету де жоспарлы түрде жақсарып келеді, – деді полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов.
Баяндамамен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов сөз сөйледі. Ол әскери қызметшілердің бірлескен жаттығулар мен басқа да оқу-жаттығуларға қатысуы, маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар кезінде құқық тәртібін қамтамасыз етуі, патрульдік-бекеттік қызметті орындауы, құқық бұзушылықтардың алдын алуы, арнайы мақсаттағы бөліністердің жауынгерлік әлеуетін арттыру мәселесі жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Сонымен қатар өңірлік қолбасшылықтардың командирлерінің есептері тыңдалды.
Әскери кеңес отырысының қорытындысын шығара отырып, министр әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығы мен кәсіби біліктілігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Ансаған Балтабеков барлық тапсырмалар толық көлемде орындалатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңында полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов ардагерлер мен жеке құрамды Ұлттық ұлан күнімен құттықтап, қызметтік және жауынгерлік міндеттерді орындауда табыс тіледі.