Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында жаңа оқу кезеңі басталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында жаңа оқу кезеңі басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында және әскери бөлімдерінде жаңа оқу кезеңі басталды. Жеке құрам әскери қызметшілердің жан-жақты дайындығын нығайтуға бағытталған оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға кірісті.

Оқу кезеңінің алғашқы күні құқықтық тәртіп әскерлерінің Бас қолбасшылығының, әскери бөлімдердің және өңірлік қолбасшылықтардың аумағында оқу-профилактикалық іс-шаралар кешені өткізілді. Қызметті ұйымдастыру, әскери тәртіп пен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сабақтар басталар алдында Бас қолбасшылықтың әскери қызметшілері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының батырлары — қатардағы Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровты бір минут үнсіздікпен еске алды. Олар ел азаматтарының тыныштығы жолындағы қойылған міндеттерді орындау барысында өз өмірлерін құрбан еткен.

Мемлекеттік-құқықтық дайындық аясында сабақты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов өткізді. Лекция тақырыбы "Қазақстан Республикасының Президенті — елдің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы: ішкі саясаттың құндылықтары мен негізгі бағыттары" болды.

Сабақтар практикалық форматта да, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және әскери-техникалық дамуының негізгі бағыттары бойынша оқу мәселелерін қарастыру түрінде де ұйымдастырылды.

Алғашқы оқу күнінде ұландықтар жауынгерлік дайындық бойынша да сабақтар өтті. Қару-жарақ пен әскери техниканы дұрыс пайдалану, алғашқы медициналық көмек көрсету, атыс және дене дайындығы барысында, сондай-ақ парк-шаруашылық күндерін өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша кешенді жаттығулар ұйымдастырылды.

Жауынгерлік дайындық құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметінің негізі болып қала береді. Бүгінде Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне мемлекет ішіндегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты маңызды міндеттер жүктелген.

Өткен жылы патрульдік-бекеттік қызмет аясында 3,3 мыңнан астам міндет орындалып, ішкі істер органдарына шамамен 17 мың құқық бұзушы жеткізілді. Олардың ішінде 600-ден астамы қылмыс белгілерімен ұсталған.

Айта кету керек, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді тиімді орындау жоғары кәсіби жауынгерлік дайындықсыз және әскери шеберліксіз мүмкін емес. Осыған байланысты жаңа оқу кезеңі - әрбір әскери қызметші үшін кәсіби білімін, практикалық дағдыларын және қызметтік төзімділігін жетілдірудің мүмкіндігі.

Жыл бойы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері саптық, тактикалық және дене дайындығы бойынша нормативтерді орындап, атыс жаттығуларын пысықтайды, кәсіби-лауазымдық және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша білімін тереңдетіп, жалпы әскери жарғылардың талаптарын меңгереді.

Ұлттық ұланның жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтау— қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл еліміздің тұрақты дамуының, жүргізіліп жатқан реформалардың табысты іске асырылуының және қазақстандықтардың бейбіт әрі жасампаз еңбегінің маңызды шарты саналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру