ҚР ІІМ Ұлттық ұланында «Жауынгерлік қызметтегі жарқын сәт» фотобайқауы басталды
Республика күні қарсаңында құқықтық тәртіп әскерлерінде 14-29 қазан аралығында «Жауынгерлік қызметтегі жарқын сәт» фотобайқауы өткізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фотоконкурс қоғамда және Ұлттық ұланда құқық тәртібі әскерлері әскери қызметшілерінің оң бейнесін қалыптастыру, жастар арасында әскери қызметті және үздік жауынгерлік дәстүрлерді дәріптеу, погондағы адамдарға деген құрметті арттыру, сондай-ақ әскери қызметшілердің Отан алдындағы міндеттерін орындау кезіндегі жауынгерлік еңбегін насихаттау, сарбаздардың шығармашылық дамуы, олардың қоғамдық қызметке және әскери ұжымдардың өміріне белсенді қатысуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқауға Ұлттық ұланның әрбір құрамасынан, полктері, жеке орналасқан батальондары мен роталарынан 18-28 жас аралығындағы мерзімді қызметтің әскери қызметшілері қатысады. Байқауға қатысушылар әскери киімдергі фотосын жолдауы керек немесе фотосурет фонында өзі атқаратын қызметтің атрибуттары болуы шарт.
Дауыс беру Ұлттық ұланның national_guard_kaz (Instagram) ресми парақшасында өтеді.
Жеңімпаздар “like” белгілерінің саны бойынша анықталып, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының дипломдарымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталатын болады.