Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиациясы 33 жылдық мерейтойын атап өтті

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің құрылғанына 33 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында авиациялық базаның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Бүгінде Ұлттық ұлан авиациясының қызметтік және жауынгерлік мақсатта қолдану ауқымы бірнеше есе артқан. 3656 әскери бөлімінің жеке құрамы өзіне жүктелген міндеттерді толық көлемде орындап келеді. Бұл халықаралық "Өзара іс-қимыл", "Кобальт", "Антитеррор" оқу-жаттығуларында, сондай-ақ ел аумағында ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы "Канал", "Қарасора" арнайы операциялары кезінде дәлелденді.

Әскери бөлімнің ерекше мақтанышы – халықаралық гуманитарлық миссиялар. Қазақстандық әскери ұшқыштар Сирия, Түркия және Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізіп, жоғары кәсібилікті, табандылықты және борышына адалдықты көрсетті. Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелері құтқарушылармен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысты. Табиғи апатпен күреске әскери авиация да жұмылдырылды. Тасымалдау қиын аймақтардан адамдар эвакуацияланып, халыққа гуманитарлық жүк жеткізілді.

– Тәуелсіздік жылдары ішінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің жеке құрамы еліміздің конституциялық құрылымын қорғау мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ең күрделі міндеттерді орындай алатын ішкі істер органдарының сенімді әрі тиімді құрылымы екенін дәлелдеді. Сіздер аға буынның ісін лайықты жалғастырып, Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіров сынды батыр бабалардың жолын абыроймен жалғастырып келесіздер, – деп атап өтті бөлім командирі Дмитрий Бастер.

Ұлттық ұлан авиациясы – бұл тек техника мен ұшқыштардан тұрмайды. Бұл – ел тыныштығы мен тұрақтылығына күн сайын үлес қосып жүрген кәсіби мамандардан құралған ұйымшыл әскери орта. Қазақстанның мемлекеттік авиациясы құрамында Қарулы Күштер мен ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерімен қатар, Ұлттық ұлан авиациясы – мемлекеттің ең технологиялық, мобильді және жауынгерлік қабілеті жоғары құрылымдарының бірі. Айта кету керек, Ұлттық ұлан авиациялық базасының елордада орналасуы тапсырмаларды орындау кезінде күштер мен керек-жарақтарды уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру