ҚР ІІМ Ұлттық ұланының делегациясы Әзербайжанға жұмыс сапарымен барды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының делегациясы Әзербайжанға жұмыс сапарымен барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстандық делегацияны Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков басқарды. Сапар аясында Әзербайжан Республикасының Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазовпен екіжақты кездесу өтті.
Тараптар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, қазақстандық делегацияға Әзербайжан ІІМ ішкі әскерлерінің, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі Бас басқармаларының қызметі таныстырылды.
Кездесулер барысында делегация басшысы А.Балтабеков кейінгі жылдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жинақталған тәжірибе мен озық әдістерді алмасудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Әзербайжан ішкі әскерлерінің қолбасшысы Шахин Мамедов қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарды жетілдіру мақсатында қазақстандық тараппен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар қазақстандық делегация Баку қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін әскери бөлімнің қызметімен танысты. Сондай-ақ құрметті қонақтарға Әзербайжан ішкі әскерлерінің қару-жарақтары мен техникасы көрсетілді.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы А.Балтабеков казарма қорын, мерзімді қызметтегі сарбаздардың тамақтану рационын және арнайы мақсаттағы бөлімше мен кинологиялық қалашықтың жұмысын көрді.
Ерекше назар ішкі әскерлердің әскери институтының қызметіне аударылды. 2014 жылдан бері курсанттарды даярлап келе жатқан бұл институт Әзербайжан елінің құқықтық тәртіп әскерлеріне кәсіби офицерлерді дайындайды.
Тараптар офицер кадрларын даярлау мен оқыту әдістемесі мәселелерін талқылап, екі елдің құқықтық тәртіп әскерлерінің оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың болашағына тоқталды.
Сапардың қорытындысында тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтып, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.