ҚР ІІМ вице-министрі облыстық Полиция департаментіне іссапармен барды
ҚР ІІМ вице-министрі облыстық Полиция департаментіне іссапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысына арнайы іссапармен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов барды. Ол сапар барысында алдымен Түркістан облысының жаңа әкімдік ғимаратына аялдады. Ондағы 109 қауырт желісі мен Ахуалдық орталығының қызметтерін көрді.
Осыдан соң Сәкен Сәрсенов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық Полиция департаментіне ат басын бұрды. Мұнда жедел басқару орталығы мен бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен танысты.
Негізінде ПД Жедел басқару орталығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Яғни Түркістан қаласының орталық көшелерінде, облыстық, республикалық маңызы бар трассаларда және аудандарда 548 бейнебақылау камералары күнделікті бақыланып, қылмыстардың алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Мәселен, аталған камералардың көмегімен полицейлер бүгінгі күнге дейін 93 қылмыс пен 64 445 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Сондай-ақ 21 дана автоматтандырылған жүйе камераларымен 282 417 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық тіркеліп, төрт миллиардтан астам теңгеге айыппұл салынған. Оған қоса Түркістан облысында төрт мобильді жылдамдық өлшеуіш кешендері жұмыс жасайды. Ал Түркістан қаласының өзінде стационарлы-интеллектуалдық жүйелер орналастырылып, бұрылыстар, жүргіншілер жолағы, көліктердің арнайы орындарға дұрыс қойылуы бақыланып, фото-бейне түсірілімдер жасалады. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының талаптарын орындау үшін полицейлерге 1164 бейнетіркегіш пен 954 планшет пайдалануға берілген.
Кездесу кезінде “Цифрлық полицей”, “Дабыл түймесі”, “Баланы бақылау” секілді жаңаша жобалардың жұмысы кеңінен таныстырылды. Одан бөлек, ПД-ға тиесілі арнайы бөлімшелер үшін арналған көліктер көрсетілді. Сондай-ақ учаскелік және патрульдік полицейлердің мобильді жұмыс орындары бақыланды.
Сапар соңында ҚР ІІМ-нің орын басары Сәкен Сәрсенов Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен жиналыс өткізіп, өз сөзінде:
– Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы аз облыстардың қатарында. Бүгін өзім осында арнайы болып, қызметтерімен таныстым. ПД-нің атқарып жатқан жұмысына жоғары баға беремін. Сондай-ақ киелі Түркістан қаласы тарихи әрі рухани өңір, туристік аймақ болғандықтан мұндағы тұрғындар мен келген қонақтардың қауіпсіздігі қатаң бақылануы қажет. Одан бөлек алдағы уақытта полицейлер цифрлық жүйеге толық көшуі тиіс. Ал бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда, – деп қорытындалады.