Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ішкі істер министірінің орынбасары Алматы облысына іссапармен барды

ҚР ішкі істер министірінің орынбасары Алматы облысына іссапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, полиция бөлімшелерінің жұмысын тексеріп, қызметтік тиімділікті арттыруға қатысты міндеттерді белгіледі.

Сапар барысында Сәкен Сәрсенов жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты, камералардың тиімділігін бағалап, мониторинг пен жедел әрекет ету жұмыстарын жетілдіру бойынша тапсырмалар берді. Сонымен қатар ерекше назар "Екин-Патруль" және "Сергек-Патруль" мобильді кешендеріне аударылды. Министр орынбасары патрульдік автокөліктердің техникалық мүмкіндіктерін қарап, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында интеллектуалды жүйелерді қолдану мәселелерін талқылады.

Ол сондай-ақ қауіпті жол учаскелеріне шығып, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерімен танысып, тәуекелдерді төмендету бойынша ұсыныстар берді. Жұмыс сапары аясында Сәкен Сәрсенов аудандық полиция бөлімшелерін аралап, қызметкерлердің жұмыс жағдайын және цифрлық сервистердің енгізілу барысын тексерді.

Сапар кезінде Алматы облысы полиция департаментінің бастығы министр орынбасарына құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған заманауи техника мен арнайы құралдарды таныстырды. Ол патрульдік қызметтердің жабдықталуын, мобильді мониторинг кешендерін, байланыс құралдарын және полиция жұмысының жеделдігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді көрсетті.

Жеке құраммен кездесу барысында Сәрсенов "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының жүзеге асырылуына тоқталып, полицияның ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың сенімін арттыру және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті. Ол заманауи полицияның тиімділігі тәртіпке, кәсіби біліктілікке және халықпен өзара іс-қимылға дайындығына байланысты екенін айтты.

Сапар қорытындысы бойынша министр орынбасары жедел жұмысты күшейтуге, профилактикалық шараларды арттыруға және қызметтік іс-әрекетке заманауи технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру