QR-коды бар полицей макеті: Алматыда кибералаяқтыққа қарсы жаңа тәсіл қолға алынды
Алматыда кибералаяқтыққа қарсы жаңа тәсіл қолға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында адамдар көп шоғырланатын орындарда интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар дәстүрден тыс форматта жүргізілуде. Қаланың көшелерінде, сауда орталықтарында және қоғамдық кеңістіктерде тұрғындарды қолында жадынама ұстап тұрған полицейдің макеті қарсы алуда.
Жадынамада QR-код орналастырылған. Оны сканерлеу арқылы азаматтар кибералаяқтарды қалай тануға болатыны, олар жиі қолданатын айла-тәсілдер және өзін, сондай-ақ жақындарын алдаудан қорғау жолдары туралы пайдалы ақпарат жинақталған арнайы парақшаға өте алады.
Мұндай формат тұрғындардың назарын аударып, цифрлық қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі көрнекі түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Акцияға егде жастағы азаматтар, жасөспірімдер мен балалы ата-аналар ерекше қызығушылық танытуда. Кезекті профилактикалық іс-шараны Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері еріктілермен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп өткізуде.
–Интернет-алаяқтық бүгінгі таңда ең кең таралған қауіптердің бірі болып отыр. Біздің басты міндетіміз – қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алу. QR-коды бар полицей макеті – азаматтардың назарын аударып, алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолдарын қолжетімді түрде түсіндірудің тиімді тәсілі. Алаяқтық схемалары туралы хабардар адамдар саны артқан сайын, қылмыскерлердің де әрекет ету мүмкіндігі азаяды, – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
