ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 18 шетелдік жолаушы пойыздан түсірілді
Өзбекстанның 18 азаматы ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін «Самара-Ташкент» пойызынан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мақсатында 10-20 сәуір аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шараның барысында 32 қылмыс тіркелді, бұрын жасалған 7 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды.
Сондай-ақ 2134 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін – 202, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 28, шетелдіктің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін – 112 және т.б.
Мәселен Арыс-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Самара –Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде кетуден жалтарған ҚР көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан Республикасының 18 азаматын анықтап, поездан түсіріп алды.
Көлік полицейлері құқық бұзушыларға қатысты шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырып, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Оларға 5 жыл мерзімге ҚР аумағына кіруге тыйым салу белгіленіп, Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.