Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ақмола облысындағы мекемеге барды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ақмола облысындағы мекемеге барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №7 мекемесіне барды.

Мемлекеттік билік өкілінің сапардағы негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың ұсталуы жағдайымен, өндірістік қызметтің ұйымдастырылуымен, сондай-ақ мекеменің әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымымен танысу болды.

Депутатты облыстық ҚАЖ департаментінің басшысы Иглик Хасенов қарсы алып, мекеме аумағын бірлесіп аралады. Ерекше назар тұрғын аймаққа аударылып, камералық үлгідегі бөлмелер, өндірістік аймақ және асхана көрсетілді. Наталья Дементьева санитарлық талаптардың сақталуы, үй-жайлардың абаттандырылуы, сондай-ақ сотталғандардың тұрмыс және еңбек жағдайлары тиісті деңгейде екенін атап өтті.

Мекеменің өндірістік аймағында депутатқа “Еңбек” РМК және шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар таныстырылды. Мекеме қабырғасында шығарылатын өнімдер сыртқы тапсырыс берушілер тарапынан тұрақты қызығушылық тудырып, жазасын өтеушілердің еңбекке бейімделуіне септігін тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қолданыстағы заңнамаға және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына толық сәйкес жүргізілетіні ерекше атап өтілді.

Сапар бағдарламасындағы маңызды тармақтардың бірі – депутаттың сотталғандармен жеке сұхбаты болды. Наталья Дементьева әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, олар көтерген мәселелер – ұсталуы жағдайынан бастап, медициналық көмек көрсету, құқықтық және отбасылық мәселелерге дейін – назарға алынды. Сонымен қатар депутат Ақмола өңірінің түзеу мекемелерінде табысты жүзеге асырылып жатқан телемедицина жобасымен танысты. Барлық өтініштер тіркеліп, депутат олардың әрқайсысы бойынша өз құзыреті шеңберінде қолдау көрсетуге уәде берді.

Сапар ашықтық, сындарлы диалог және өзара түсіністік жағдайында өтті.

– Мұндай кездесулер өте маңызды. Олар қоғам мен қылмыстық-атқару жүйесі арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселелеріне әділ әрі жан-жақты көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді, – деп Наталья Дементьева өз сөзін қорытындылады.

Сапар соңында депутат бірқатар ұсыныстар беріп, тек сотталғандарға ғана емес, пенитенциарлық жүйе қызметкерлері үшін де қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру