ҚР Президентінің кеңесшісі полицейлермен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі СҚО-да полицейлермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Жиын "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.
Облыстық полиция ведомствосының бастығы Айдын Қабдұлдинов өңірдегі криминогендік жағдай туралы баяндама жасады. Ол СҚО ПД қызметі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бағдарламалық құжаттарын нақты орындауға, "Заң мен Тәртіп" идеологиясын іске асыруға, "сервистік полиция" және құқық бұзушылықтарға "мүлде төзбеушілік" қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 5 айында қылмыс саны 14,4%-ға төмендеді — 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 1504 фактімен салыстырғанда 1288 дерек тіркелді. Интернет-алаяқтық фактілерінің тіркелуі 2%-ға өскені байқалады. Бұл көрсеткіш полиция қызметкерлерінің өз бастамасымен 20 алаяқтық эпизодын анықтап, Петропавл қаласында sim-box жабдықтарының 4 станциясының жұмысын тоқтатуының нәтижесінде болды.
Кездесу барысында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесу бойынша полицейлердің қызметінің барлық аспектілері қаралды. Сонымен қатар заманауи жоғары технологиялық шешімдер мен қоғаммен тікелей диалогқа бағытталу мәселелері де талқыланды.