ҚР Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасын 75 жас мерейтойымен құттықтады
ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында бұрынғы ішкі әскерлер қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышевтің 75 жас мерейтойына арналған іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Бас қолбасшылықтың генералдары: генерал-майорлар – Қайрат Ақтанов, Константин Воронкин, Альберт Маткаримов және Нұрбол Міртаев, әскер ардагерлері: полковниктер – Мұрат Қарағойшиев, Григорий Григорьянц, Александр Парпура, Мұрат Жантеміров және Қуаныш Қожахметов қатысты.
– Сіз көптеген жыл бойы құқықтық тәртіп әскерінің тәрбиелік құрылымын абыроймен басқардыңыз, әскердің ардагерлер ұйымын басқарып келе жатқаныңызға да 15 жыл болды. Өз даналығыңызбен, кәсібилігіңізбен офицерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп шықтыңыз. Қызметте сіз әрдайым табандылық, адалдық, іскерлігіңізбен ерекшелендіңіз. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы жеке құрамының атынан сізді мерейтойыңызбен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық және мемлекетіміз бен әскеріміздің игілігі үшін атқарып жатқан қызметіңізге табыс тілеймін, – деп құттықтады ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов.
Қалиақпар Тоқышев 1968 жылы әскер қатарына шақырылып, Түркістан әскери округінде, Түрікменстан астанасы Ашхабадта қызмет етті. Қызмет аяқталғаннан кейін ол Ленинград жоғары командалық әскери саяси училищесіне құжат тапсырды. Әскери училищені бітіргеннен кейін КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің Мәскеу әскери округіне жіберілді. Одан әрі қызметі Ленинградта жалғасты. Осы округте төрт жыл оқуын есептемегенде, 24 жыл қызмет етті. Ол Мәскеуде, Воронежде және Орелда қызмет етті.
1992 жылы КСРО ІІМ ішкі әскерлерінің Мәскеу әскери округі жойылғаннан кейін ол Орталық Азия мен Қазақстан бойынша ішкі әскерлер басқармасына ауыстырылды. Осылайша оның өз Отанындағы қызметі басталды.
Айта кетейік, генерал Тоқышев бір кездері ҚР ҰҚК Шекара әскерлері әскери институтының құрамында ішкі әскерлер факультетінің бірінші бастығы болған, қазір бұл оқу ордасы – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы.
2001 жылы ел басшылығы Қалиақпар Тоқышевтің ішкі әскердің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған генерал-майор жоғары әскери атағы берілді. Кейін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Іс-шара соңында генерал-майор Қалиақпар Тоқышев жиналғандардың барлығына көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.