Құдық қақпақтарын бірнеше рет ұрлаған қарағандылық ұсталды
Құдық қақпақтарын бірнеше рет ұрлаған қарағандылық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне белгісіз біреу үш мекен-жай бойынша кәріз құдықтарының жалпы бес металл қақпағын ұрлап кеткені туралы хабарлама түсті. Шығын мөлшері шамамен 200 мың теңгені құрады. Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қозғалған.
Қылмыс болған жерді тексере келе полиция қызметкерлері барлық ұрлық бойынша бір адамның қатысуымен болуы мүмкін деген болжамға келді. Келесі күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция күдікті 27 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Күдіктінің айтуынша, ол ұрланған затты металл сынықтарын қабылдау орындарының біріне апарған. Айғақты заттар алынып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.