Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың туысы отбасы тарихымен танысты

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың 130-дан астам туысы полицияның арнайы архивінде отбасы тарихымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантиндік шектеулерге байланысты солтүстікқазақстандық полиция арнайы архивінің қызметкерлері 31 мамырға жоспарланған іс-шараларды өткізе алмайтын болды. Дей тұрғанымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында олар келушімен кездесу өткізу үшін өңірлік телеарнаның түсірілім тобын шақырған. Жамбыл ауданында тұратын кәсіпкер Екпін Әбиев саяси қуғын-сүргін кезінде өмір сүрген атасы Әби Есекинге қатысты ақпарат алу үшін жүгінген.

– Ол 1941 жылдың соңында сотталған, – дейді Екпін Әбиев. – Оған «кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген, колхоздың атына кір келтірген, жеңіліс туралы қауесет таратқан» деген айып тағылған еді. Сондай-ақ, оны сауатсыз деген. Соғыс кезінде Әби ауылда мүғалім болып жұмыс істеген. Осының өзін оның сауатсыздығын теріске шығарады. – Оның алты кластық білімі болған, ол кезде бұл әжептәуір білім болып саналатын. Мәскеу маңындағы майданда қаза тапқан атамның ағасы Қажығали да төрт кластық біліміне қарамастан балаларды оқытқан екен. Майданнан жазған хаттарын тек өлеңмен жазған екен. Істегі материалдардан алғаш рет Әбидің кассациялық шағымын көрдім. Білімді адамның әдемі, сенімді жазуымен жазылған. Оны сауатсыз деп тек көре алмайтындар ғана айтуы мүмкін.

Ол бұл оқиғаның егжей-тегжейін оның атасы тұрған, қазіргі Есіл ауданының ақсақалдарынан біледі. Әби Есекин өзінен және басқалардан да талап ететін жауапты колхозшы болған. Түске дейін – мұғалім, түстен кейін – диқаншы, ол: «Егер біз егін жинаумен айналыспасақ, онда соғыстағы солдаттарға тамақ қайдан барады, олар тамақтан ашаршылық көрсе, онда біз жеңіліп қаламыз. Егер сендер киім-кешек тікпесеңдер, майдандағы күйеулерің мен бауырларың суыққа тоңып, жауды жеңе алмай қалады», – деп соғыста жүрген ерлердің орнына егіс даласында жұмыс істеп жүрген әйелдерді жігерлендіріп отырған.

– Бұл астарлы айтылған сөздер, оның өліміне себепші болған сияқты, – дейді Екпін Әбиев. – Көреалмаушының таратқан сөзінің кесірі атамның түбіне жеткеніне күмәнім жоқ. Оның қай жерде жазасын өтегені жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Адам із-түссіз жоғалып кетті, оның тағдыры туралы басқа мәлімет жоқ… 1989 жылы Әбиге қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл парақтарды оқу өте қиын, бірақ біз оның ұрпағы болғандықтан шындықты білуге тиіспіз.

Жыл басынан бері арнайы архив 11 адамға отбасы тарихын қалпына келтіруге көмектесті.

– Жалпы, 2014 жылдан бастап ақталған солтүстікқазақстандықтар туралы материалдар ҰҚК-ден ішкі істер органдарына тапсырылғаннан кейін, біз 131 мұрағаттық анықтама дайындадық, – дейді СҚО ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасы арнайы мемлекеттік архивінің бас маманы Эльмира Валиулина. – Қазақстан мен Ресей Федерациясының, Польша, Германия аймақтарының тұрғындарына жауаптар жолданды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың істерімен жұмыс жасай отыра, біз да адамдардың өз отбасылары мен Отанының тарихын қалпына келтіруге көмектесетін тарихшылар сияқтымыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру