Құқық бұзушылықтардың алдын алу жоспарына ПД мен Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары қол қойды
Павлодар облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өзекті мәселелерін шеші жөніндегі жоспарға облыстық полиция департаменті мен Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасын іске асыру аясында полицияның сервистік учаскелік пункті базасында облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Департамент бастығы Василий Скляр қонақтарға таныстыру экскурсиясын өткізді.
– Жобаның негізгі міндеті – азаматтардың проблемаларына бағдарланған халыққа сапалы полиция қызметтерін көрсету. Жобаның басты бағыты – «учаскелік полиция» моделін енгізу. Онда учаскелік полиция пункті сервис орталығы болады. Дәл осы жоба аясында полицияның жаңа заманауи учаскелік пункті ашылды, ол барлық қажетті техникамен, байланыс құралдарымен, өртке қарсы дабылмен, бейнебақылауымен және жиһазбен жабдықталған. УПП-да 16 учаскелік полиция инспекторы, оның ішінде кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспектор, сондай-ақ 4 патрульдік полиция қызметкері қызмет атқарады, – деді Василий Скляр.
Осы сервистік учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысқаннан кейін дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық полиция ведомствосының басшылығы Василий Скляр мен Жасқайрат Қайыров, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, облыстық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова және облыстық мәслихат депутаттары Амангелді Маханбет, Байғабыл Майкотов, Александр Толмачев және Сабиден Мантыков қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара ынтымақтастық туралы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Василий Скляр депутаттық корпустан облыстың қалалары мен ауылдарындағы учаскелік полиция пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру және жөндеу туралы мәселені қолдауды сұрады.
Қорытындысы бойынша полиция департаменті мен облыстық мәслихат депутаттарының осы жылға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алу және өзекті мәселелерді шешу жөніндегі бірлескен жоспарына қол қойылды. Тараптар облыс полициясының әрбір учаскелік пунктінде осы округ депутатының деректерімен фотосуреттер орналастырып, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу және халыққа сервистік қызмет көрсету шеңберінде өңір азаматтарына көмек көрсету туралы келісті.