Құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам мен полицияның бірлескен жұмысы
Солтүстік Қазақстан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін WhatsApp чаттар тиімді қолданылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 39 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 19 ұрлық дерегі болды. Бұл көрсеткіш полиция мен тұрғындардың, әсіресе мүлік иелері бірлестіктерінің және пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары арасындағы бірлескен жұмыс арқасында жүзеге асты. Бірлескен жұмыс тәсілі ретінде төрағалар мен полиция арасында құрылған ортақ чаттар белсенді пайдаланылды.
Жұмыстың жаңа мүмкіндіктері Солтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесуде талқыланды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев 2 наурыздан бастап күшіне енетін "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Заңын еске салды. Заңның 36-бабы мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының полициямен өзара іс-қимылын нақтылайтын ережелерді белгілейді.
Бұл өзара әрекет құқық бұзушылықтар туралы, соның ішінде есірткі жарнамалары мен интернет алаяқтық деректері жөнінде уақытылы хабарлау, сондай-ақ қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін қызмет етеді. Қазіргі уақытта учаскелік инспекторлар мен үй басқарушылары бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс істейді: Петропавлда WhatsApp мессенджері арқылы 758 чат құрылған, оған 177 мыңнан астам тұрғын қосылған.
Сонымен қатар төрағалар нысандардың техникалық қауіпсіздігін арттыруға үлес қоса алады. Қазіргі таңда Петропавлдағы 1 227 көпқабатты тұрғын үйдің тек 432-сінің кіреберістерінде бейнебақылау камералары орнатылған. Жақсы жарықтандырылған аула мен бейнебақылау жүйесі ұрлық, тонау, вандализм және басқа да қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.

Кездесуге Петропавл қаласының әкімінің орынбасары Қалия Төренова да қатысты. Ол төрағалар мен полицейлер арасындағы тұрақты диалогтың тиімділігін жоғары бағалады.
Жаңа заң қоғамның қауіпсіздігі тек полицияға ғана емес, мемлекет пен азаматтардың бірлескен жұмысына байланысты екенін көрсетеді. Полиция мамандарының айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алу – қоғам тұрақтылығына салынған инвестиция және Заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара.
