Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық қорғау қызметіне қызығушылық: Павлодар облысында оқушыларға арналған танымдық экскурсия өтті

Павлодар облысында оқушыларға арналған танымдық экскурсия өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шарбақты ауданының полиция бөлімінде жасөспірімдерге арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен таныстыра отырып, заң талаптарын құрметтеуге, тәртіп пен қауіпсіздікті бағалауға баулу.

Экскурсия барысында оқушылар бөлімнің ішкі құрылымымен танысып, жедел басқару орталығы, кезекші бөлім, анықтау және тергеу кабинеттерін аралады. Полиция қызметкерлері өз қызметінің ерекшеліктері мен атқаратын міндеттері туралы кеңінен әңгімелеп, жас келушілердің сауалдарына жауап берді.

Балаларға полиция формасын киіп көру, арнайы техникалар мен байланыс құралдарын қолдану мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық жауапкершілік тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Экскурсия жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, болашақта полиция қызметкері болуға қызығушылық танытқан оқушылардың санын арттырды. Шара соңында балалар алған әсерлерімен бөлісіп, құқық қорғау саласына деген көзқарастарының өзгергенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру