Құқық тәртібін сақтаушы Жандос Айтмухамбетов
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.
Жандос Айтмухамбетов – Павлодар ауданы Полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі. Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Павлодар облысы Аққулы ауданының тумасы, Жандос Айтмухамбетов 1997 жылы Алматыдағы Ішкі Істер академиясын бітіріп келген соң, қызметтік жұмысын Павлодар ауданында учаскелік инспектор болып бастаған. Қызмет ету жылдарында әртүрлі басшылық лауазымдарда, атап айтқанда, Шарбақты ауданында бастықтың қызмет жөніндегі орынбасары, жергілікті полиция қызметінде, Ақсу қаласында бастықтың орынбасары, Аққулы ауданында Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқара білетін іскер басшы осы жылдан бастап Павлодар ауданы Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
– Полиция қызметкері атанатын азамат ең алдымен, Отанға, халыққа адал қызмет етіп, әскери антқа адал болуы керек. Бүгінгі күнде басты ұстанымымыз – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Менің ойымша, тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сол себепті әр тәртіп сақшысының бойындағы адалдық пен кәсібилікті бағалаймын, – дейді Жандос Айтмухамбетов.
Еңбек жолын Павлодар ауданынан бастаған Жандос Айтмұхамбетов бүгінде де ауданымыздың ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жиырма бір жыл еңбек өтілімі бар тәртіп сақшысы заң мен тәртіпті – ел тыныштығының кепілі деп біледі.
– Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік инспекторлар. Павлодар ауданында 13 учаскелік инспектор және оның екі көмекшісі бар. Мен жұмыс істеген жылдарды бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Қазіргі кезде заң да, жұмыс барысы да өзгерген. Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Полиция – қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша негізгі рөл учаскелік полиция инспекторларына берілетінін айтты. Бұдан былай тығыз учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылықтардың алдын алуда халықпен байланыс орнатуды басты мақсат етіп отыр. Халыққа жақын болу мақсатында учаскелік инспекторлар тұрғындармен ортақ чат құрып, барлық хабарларды жедел алып, шұғыл хабарламалар жасауға мүмкіндіктері бар. Алты айдың қорытындысы бойынша, өткен жылмен салыстыратын болсақ, қылмыстың саны 27 пайызға азайған. Оның ішінде мас күйіндегі құқық бұзушылықтар 30 пайызға төмендеді. Өткен жылы отбасылық қылмыстар төртеу болса, биыл аз, жоқ деп айтуға болады. Осыны біздің қызметкерлеріміздің жұмысының нәтижесі деп білемін. Сондай-ақ қоғам да заман талабына сай заңды құрметтеп, жауапты болуға тырысады. Заңды орындасаң, жауапкершілікке тартылмайсың. Адамдар соның бәрін түсініп келе жатыр. Осының бәрі – қоғаммен жасалған жұмыстың салдары. Өйткені біз ақпаратты мүмкіндігімізше таратып, ауылдық аймақтарда құқық бұзу-шылықты болдырмауға бар күшімізді саламыз, – дейді тәртіп сақшысы.