Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Құқықтық тәртіп” іс-шарасы: Түркістанда екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізуші ұсталды

Түркістанда “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы барысында екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ патрульдік полиция ротасының инспекторы Нұрлан Қалмаханов “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы аясында түнгі уақытта патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, ВАЗ-21063 автокөлігін тоқтатады. Облыс орталығы көшелерінің бірінде тоқтатылған көлік жүргізушісімен тілдесу барысында оның мас халде екеніне күдік туындайды. Жүргізілген медициналық тексеру қорытындысы да жүргізушінің мас күйде екенін растады. Ал жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның 2020 жылғы 27 қазанда көлікті мас халде басқарғаны үшін ҚР ҚК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны айқындалды. Алайда жас жүргізуші өзінің көлік басқару куәлігінен айырылғанына қарамастан, ішімдік ішкен күйі қайта рульге отырған.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Атап өтсек, бүгінде облыс аумағында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық шарасы өткізіліп, түрлі құқық бұзушылықтар анықталуда. Шараның мақсаты – криминогендік ахуалды, қоғамдық тәртіпті қадағалап, алдын алу және болдырмау, көшелерде, адам көп шоғырланатын орындарда тәртіпті қадағалау, қылмыскерлерді ұстау, анықтау, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағандарды анықтау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру