“Құқықтық тәртіп”: Қостанай облысында полиция жол ережесін бұзған құқық бұзушыларды анықтады
Республикада “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тек алғашқы тәулікте полицейлер жол ережесін бұзудан бастап, есірткі сақтауға дейін 542 құқық бұзушылықты тіркеді.
Рудныйда, Арқалықта, сондай-ақ Әулиекөл және Қарабалық аудандарында көлік құралын мас күйінде басқарған төрт жүргізуші ұсталды. Олардың барлығы 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Осындай жағдайдың бірі Рудныйда тіркелді. Volkswagen автокөлігін басқарған 33 жастағы әйелден спирттік ішімдік иісі шыққан. Медициналық куәландыру оның мас болғанын растады.
Сондай-ақ бір тәулікте: 5 жүргізуші – қарама-қарсы жолаққа шыққаны үшін; 5 жүргізуші – құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды; 104 адам – қоғамдық орындарда мас күйінде жүру немесе спирттік ішімдік ішу фактісімен айықтырғышқа жеткізілді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты да құқық бұзушылықтар тіркелді: түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалардың ересектердің қарауынсыз көшеде жүруіне байланысты 23 ата-ана немесе заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Полиция мұндай жағдайлар жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.
Қарабалық ауданында заңсыз есірткі сақтау фактісі анықталды: тыйым салынған заттар жергілікті тұрғынның гаражы мен қазандық бөлмесінен табылды. Қылмыстық іс қозғалды, сараптама тағайындалды.
“Құқықтық тәртіп” операциясы жалғасуда. Оның мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру және қылмыстың алдын алу.
Полиция заң мен тәртіп принципін сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі екенін еске салады.